29-лекция

Тақырыбы: Оқушы білім-білігі, дағдысын тексерудің жолдары.

Бағалауға қойылатын қазіргі кездегі критерийлер. Оқушы білім-білік, дағдысын тексерудің әр түрлі жолдары: сөздік, сызықтық диктанттар, сигналды карточкалар, кесте, мылқау суреттер. Оларды пайдалаудың жолдары.

Мақсаты: Бағалауға қойылатын қазіргі кездегі критерийлер. Оқушы білім-білік, дағдысын тексерудің  түрлі жолдарын меңгерту.

Жоспары

1. Бағалауға қойылатын қазіргі кездегі критерийлер

2. Оқушы білім-білік, дағдысын тексерудің түрлі жолдары

1. Бағалауға қойылатын қазіргі кездегі критерийлер

 Білім тексеруді дұрыс ұйымдастыру мұғалімге бүкіл кластың дүниетану түсініктері мен ұғымдарының қалай қалыптасатынын үнемі көріп, біліп, бағалап отыруына, ал оқушыларға оқу материалдарын меңгеру процесінде олардың алға қарай қалай жылжитындарын ұғынуға мүмкіндік береді. Тексеру нәтижесінде балаларда білімнің обьективті бағасы жинақталады, ал оның тәрбиелік маңызы зор. Дүниетанудан білімді, іскерлікті және дағдыларды тексеруді ұйымдастыруға қойылатын критерийлер мына төмендегідей:

а) оқушылардың білімін жеке тексеру, олардың әртүрлі даму деңгейін ескертеді.

б) балалардың білімін тексеруге ұқыпты түрде дайындалу.

в) нақты сұрақтар әзірлеу.

Оқушыларға ұсынылған сұрақтар ойды оятып, олардың танымдық қабілетін дамытатын, ойлауға, талдай білуге, жинақтап қорытындылап салыстыруға мәжбүр ететін болуы қажет. Мысалы; дала мен шөл  өсімдіктерін салыстырып, олардың ұқсастық және айырмашылық ерекшеліктерін атап көрсетіңдер; Күзде ағаш жапырақтары неліктен түседі? – деген сияқты ойландырарлықтай сұрақтар болуы шарт.

2. Оқушы білім-білік, дағдысын тексерудің түрлі жолдары

Мұғалім оқушылардың білімін тексеруді әртүрлі тәсілмен жүзеге асырады. Ауызша тексеруді жаппай әңгімелесу формасында өткізуге болады, мұғалім сол кезде барлық оқушыларға сұрақ береді. Мұндай кезде мұғалімнің класпен тікелей байланысы пайда болады. Оқушылардың бірінен сұраған кезде қалған оқушылардың барлығы берілген жауапты мұқият қадағалап, түзетіп, толықтырып отыруы тиіс. Жаппай ауызша тексеру меңгерілген түсініктерді толық анықтауға мүмкіндік бере алмайды, бірақ аз уақыттың ішінде мұғалім оқытылған обьекті немесе құбылыс туралы бүкіл кластың қаншалықты дәрежеде меңгергенін, білімді бір жүйеге келтіріп, қарапайым байланыстарды анықтай алады. Сабақ соңынан бағаланады. Бұдан басқа жеке сұрау әдісі, шағын жазбаша тексеру, кесте, схема толтыру арқылы тексеру жүзеге асады.

Бақылау сұрақтары:

1. Пысықтау бөлімінің қажеттілігі қандай?

2. Білімді бағалау әдістері, оны дұрыс ұйымдастыру әдістемесі.

3. Білімді тексеру әдістері қандай?

4.Дүниетанудан білімді, іскерлікті және дағдыларды тексеруді ұйымдастыруға қойылатын критерийлер?

5. Оқушылардың білімін тексеруді тәсілдерін ата. Қалай жүзеге асырады?

Қажетті әдебиеттер:

1. Аймағамбетова Қ. Дүниетануды оқыту теориясы мен технологиясы. –Алматы: Полигафия-сервис и К., 2006.-248 б.

2. Сихимбаева С.М. Дүниетану теориясы мен технологиясы. Оқу құралы. -Шымкент: Нұрлы бейне, 2008.- 148 б.

3. Петросова Р.А., Голов В.П., Сивоглазов В.И. Методика обучения естествознанию и экологическое воспитание в  начальной школе.- Издательский центр: Академия, 1999.-96с.

4. Жүнісова К., Аймағанбетова Қ., Олейник З.Ф. Дүниетануды оқыту әдістемесі.1-4 сынып. -Алматы: Атамұра, 1998.- 72 б.   

 

 

30-лекция

Тақырыбы: Кіші комплектілі мектептерде оқыту ерекшеліктері.

Кіші комплекті мектептерде оқитын оқушылардың ерекшеліктері. Сабақ ерекшелігі. Өзіндік жұмыстарды ұйымдастыру ерекшеліктері.

Мақсаты: Кіші комплектілі мектептің ерекшеліктері, оқу әдістемесін дұрыс ұйымдастыру талаптарын білдіру.

Жоспары:

1.Кіші комплектілі мектептегі оқу процесі жайлы жалпы түсінік. 

2.Кіші комплектілі мектептегі дүниетану сабағын жүргізу ерекшеліктері.

Қажетті құрал-жабдықтар: Тірек-схема, суреттер, әдістемелік құралдар, журналдар.

Сабақ әдістері: Проблемалы, иллюстрациялы -  әңгімелеу

 

1.Кіші комплектілі мектептегі оқу процесі жайлы жалпы түсінік. 

 Кіші комплектілі мектепте мұғалім сабақты екі немесе үш класта қатарынан жүргізеді. Бір сабақтың барысында балалардың мұғаліммен және өз бетінше істейтін жұмыстары біренше рет алмасып отырады; бір кластың оқушылары тікелей мұғалімнің басшылығымен жұмыс істегенде, басқа кластардың оқушылары өз бетінше жұмыстармен айналысады. Бірнеше класпен жұмысты тиімді өткізу үшін оқу сабақтары кестенің дұрыс жасалуының мәні зор. Жұмыс тәжірибесі көрсетіп отырғандай, ең дұрысы барлық класқа бір мезгілде бір пәннің жүруі. Ол барлық класс үшін ортақ жұмысты ұйымдастыруға мүмкіндіктің болуында.

     Пәнді оқыту тиімді болу үшін алдын ала жоспарлаудың мәні зор. Ол жоспар әр класқа жеке жасалмай ұқсас тақырыптарды таңдау арқылы, оқу формасының біркелкілігін сақтай отырып, бір сабақта үйлесімді түрде жасалу керек. Мұғалім қандай  материалды өтуге қанша уақыт керек болатынын және сабақтың қай кезеңінде әр кластың оқушыларымен тікелей сабақ өткізетін уақытын  белгілейді. Әр класс үшін өзіндік тапсырмалардың мазмұны мен сипатын және оны уақтылы тексеру формасын таңдайды. Тұтас бір кластағы өзіндік жұмыс пен мұғалімнің басшылығымен істелінетін жұмыстың алмасып отыру тәртібін мұғалім барлық класқа назарын аударып отыра алатындай етіп жоспарлайды. Тапсырма түрлері күніге өзгеріп, оқушыларды қызықтыратындай, өздігінен істейтін жұмыстың тартымдылығын арттыратындай мазмұнға ие болуға тиіс. Кейде өзіндік жұмыстардың түрі бүкіл үш не екі класқа ортақ болуы да мүмкін. Мысалы, күнделікті бақылау нәтижелерін қорыту барысында барлық оқушылар қатыса алады. Бірақ әр кластың оқушыларының бақылау көлемі мен мазмұны әр түрлі болады да оны келесі кластың оқушылары тереңдетіп, толықтыратындай бағыт беріледі.

     Кіші комплектілі мектепте ерекше көңіл белетін мәселе ол бастауыш класс оқушыларының физиологиялық тұрғыда зейіндері тұрақсыз болғандықтан, сабақ үстінде бірі-біріне алаңдап, кейбір өздеріне керексіз мәселелерге көңіл бөліп,уақытын ұттырып алатынын естен шығармаған жөн. Жас балалардың зейінін баурап және ұзақ уақыт осы қалыпта ұстап тұру өте қиынға түсетін мәселе. Әсіресе, дауыстап оқу кезінде тақырыптың мазмұнына барлық сынып оқушыларының көңілі ауып кетуі мүмкін. Сондықтан шағын комплектілі кластарда көбіне іштен оқу, сол бойынша түсінігін айтқызу басым болады.

     Уақытты дұрыс бөлу үшін, балалардың дайындық деңгейін және олардың өзбетімен жұмыс жасай білуін, жаңа материалдың қиындық деңгейін, оның әр класс үшін дидактикалық мақсатын ескеріп отыру қажет. Мұғалім жаңа материал меңгеретін класқа көп көңіл, көбірек уақытын бөлу керек. Сондай-ақ өзбетімен жұмыс істеу қабілеттері әлі аздау төменгі класс оқушыларына баса назар аударған жөн. Мұғалімнің бір кластан екінші класқа ауысу кезі айқын белгілену қажет.

     Кіші комплектілі мектептегі бірнеше класпен өтетін біртұтас бір сабақтың өзі ішкі құрылысы жағынан бірнеше бөліктерден тұрады. Сабаққа дайындалар кезінде мұғалім сабақтың мән мақсатын ғана ойлап қоймай оны терең зерттеп, оның білімдік, дамытушылық, тәрбиелік мақсаттарына негізделген логикалық жүйесімен әдістемелік мақсаттылығын сақтайтын ерекшеліктерін, қасиеттерін ойластыруы қажет.

     Кіші комплектілі  бастауыш кластарда оқу-тәрбие жұмысын бақылау кездерінде байқалатын жағдай, әр түрлі пәндердің қатар оқылатындығы. Бұл оқушыларда өте көп алаңдаушылық тудыратын болғандықтан және әр пәннің мазмұны бір мезгілде бала санасында үлкен түсініксіздік тудыратындықтан, көптеген зерттеулер нәтижелерінің арқасында мұндай мектептердегі бастауыш кластарда «бір пәнділікпен оқыту» мәселесін шешу тұрды.

2.Кіші комплектілі мектептегі дүниетану сабағын жүргізу ерекшеліктері.

 Кіші комплектілі мектептің екінші бір ерекшелігі - оқу процесіндегі мұғаліммен оқушылардың өзара ынтымақтастығына байланысты. Оқушылардың танымдық қызметі мұғаліммен оқушылардың сыйластық пен сенімге негізделген өзара байланысы қалыптасқанда ғана сапалы, белсенді дамып өрбиді. Бірнеше класпен жұмыс жасайтын мұғалімге өте үлкен қиындықтар кездеседі. Өйткені әр кластың өзінің танымдық міндеттері болатыны, мұғалімнің бірнеше бағытта жұмыс жасауын талап етеді. Егер мұғалім оқушылардың танымдық қызметтерінің қаншалықты дамытқаны туралы ақпар алып отырмаса, бұл міндеттің шешілуі одан сайын қиындай түседі. Сондықтан мұғалім жұмыс жасағанда екінші кластағы өз бетінше жұмыс қалай жүріп жатқанына көңіл бөліп, бақылап, қажет кезінде жәрдемдесіп тұруы керек. Мұның өзі мұғалімнің шеберлігіне байланысты.  Шағын комплектілі мектептің тағы бір көңіл бөлетін ерекшелік - сабақтың әр кезеңінде ұйымдастырылатын өзбетінше жұмыстардың логикалық жүйесін органикалық байланыста құра білу.

     Кіші комплектілі мектепте дүниетану сабағын өту қарапайымнан күрделену принципін мықтап сақтауды қажет етеді. Онда ең алдымен күнтізбелік-тақырыптық жоспарды оңтайлы етіп құрудан басталады. Күнтізбелік-тақырыптық жоспарды мазмұны жағынан ұқсас тақырыптарды бір күнге белгілеу, оны жүйелі түрде әр кластың сабаққа қойылатын талаптарынан ауытқымай ұйымдастыруға болады. Жаңа сабақ түсіндірілуін бір мезгілде өткізуге немесе жоғары кластарға өз бетінше дайындалатын тапсырмаларды беру негізінде өрбуі мүмкін. Оқушы салыстыра отырып білетінімен білмейтінін логикалық байланыстырады. К.Д.Ушинский, Ж.Аймауытовтар «балалардың дамуы үшін тікелей табиғаттағы бақылаулардың орасан мәні бар, педагогтың сөзінің онымен бәсекелесуі қиын, сондай-ақ К.Д.Ушинский «табиғат логикасы балалар үшін ең жеңіл және ең пайдалы логика» деген идеяларын шағын комплектілі мектептерде дүниетану пәнін оқыту үрдісінде қолдану зор нәтиже беруі сөзсіз.

    Бақылау сұрақтары:

1. Кіші комплектілі мектеп дегеніміз қандай?

2. Оқу үрдістерінің ұйымдастыру талаптарының ерекшеліктері қандай?

3. Өзіндік жұмыстарды жүргізудің ерекше әдістері қандай?

4. Бір пәнділік жүйе дегеніміз не?

5.   Кіші комплектілі мектепте дүниетану сабағын оқытуда туындайтын өзекті мәселелер? Оларды шешу жолдары қандай деп ойлайсыңдар?

Қажетті әдебиеттер

1. Аймағамбетова Қ. Дүниетануды оқыту теориясы мен технологиясы. –Алматы: Полигафия-сервис и К., 2006.-248 б.

2. Аймағанбетова Қ. Аз  комплектілі бастауыш мектептерде табиғат тануды оқыту. Алматы: «Мектеп»,1983 ж.